"ҚАМБАШ" САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АЛҒАШҚЫ ШӘКІРТТЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ
Кеше Арал ауданы Қамыстыбас елді мекенінде «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорынының ашылу салтанаты өтіп, ауданның алғашқы 100 дарынды оқушыларын қабылдады, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Орталық директоры Гүлмира Тәжеди ұйымдастырған шараға аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Жанұзақов, ауданның құрметті ардагерлері К.Айбосынов, Ә.Садықбаев, Н.Оспанов және мектеп директорлары қатысты.
Аталмыш сауықтыру орталығында мектеп бітіруші түлектер төрт негізгі пән және бесінші таңдау пәні бойынша тереңдетіп білім алады. Сонымен қатар, балаларға орталықтың тәлімгерлері тәрбиелік іс-шара жұмыстарын жүргізеді. Нысанда балаларға барлық жағдай жасалған. Жатын бөлмесі, емдеу-профилактикалық корпусы, асхана қажеттіліктері бар. Ең бастысы салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық берілген.